Соғыстан қайтқан солдат: бейнежазба
Абай атындағы кітапхана қызметкерлері 2015 жылдың 23 сәуірінде «Туған өлкенің тарихы мен жетістіктері» жобасы аясында және Ұлы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында соғыс ардагері Алпысов Тұяқбайдың үйіне барып, өнегелі өмірі туралы естеліктерін бейнежазбаға түсіріп қайтты.
1939 жылы әскер қатарына алынған майдангер ең алдымен КСРО мен Финляндия арасында болған соғысқа аттанған екен. Мәскеу түбіндегі Иваново қаласындағы авиациялық полкке түседі. Әскери жүргізуші курсынан өтіп, 1941 жылдың аяғында Ұлы Отан соғысына аттанады. Соғыс басталған жылы 3-ші Украина фронтында болып, кейін Румыния, Чехословакия, Венгрия жерлерін жаудан азат етуге қатысады. Маршал Г. Жуковтың басқаруымен Чехословакия мен Венгрия жерінде жаумен болған кескілескен ұрыстарды есіне алды. Майдангер прожекторлық рота қатарында болып, жау ұшақтарына қарсы тұрған екен. 1946 жылы елге оралып, содан бері Семей қаласында тұрып жатқан ақсақал, бүгінде 20 немере, 34 шөбере сүйіп отырған бақытты өнегелі отбасы. Соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» ордені, «Украинаны азат еткені үшін» медалі, «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Астананың 10 жылдығы» сияқты медальдармен марапатталған.
Сұхбат соңында Тұяқбай ата Қазақстан елінің келешегі кемел болып, елімізде бейбітшілік болсын деп жас ұрпаққа өзінің тілегін жеткізді. Ел ертеңі келешек ұрпақ үшін соғыс ардагерінің естеліктері бейбіт күннің қадірін түсініп қана қоймай, отансүйгіштікке тәрбиелеп, кейінгі ұрпаққа олардың ерліктері мұра болып қалары сөзсіз.