Тарихи жанрдың шебері: кітап көрмесі
2015 жылдың 22 мамырында Абай атындағы кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында белгілі қазақ жазушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ілияс Есенберлиннің шығармашылығына арналған «Тарихи жанрдың шебері» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.
2015 жылы республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы қазылар алқасының шешімімен І.Есенберлиннің «Көшпенділер» атты тарихи трилогиясы Қазақстанда қалың оқырман қауымға жыл кітабы болып ұсынылды. Ол биылғы қазақ хандығының 550-жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Әлеуметтік-мәдени акцияның мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу, сондай-ақ оқырмандарды оқуға, кітапханаға тарту. Жазушының «Көшпенділер» трилогиясында бес ғасырлық оқиға, яғни, XV-XIX ғасыр аралығындағы қазақ хандығы өмір сүрген кезең суреттеледі. «Алмас қылыш» романында ХV –ХVІ ғасырларда Қазақ хандығының құрылуы , Әбілқайыр, Жәнібек, Керей хандардың тақ үшін таласы, қазақ руларының бірлесу идеясы суреттеледі. «Жанталас» романында ХVІІ –ХVІІІ ғасырлардағы Қазақстанның шетел басқыншыларымен күресі және Әбілқайыр ханның Қазақстанның Батыс бөлігімен Ресей патшалығы қол астына кіруі сипатталады. Қалмақ хандығының қазақ еліне опасыздық шапқыншылығы, Алакөл маңайында, Ордабасы өңірінде болған қырғын ұрыстар, Ресей патшалығының қол астына кірген Әбілқайырдың түпкі армандарының жеке басындағы түңілістері туралы жазылған. Кітап көрмесінде жазушы Ілияс Есенберлиннің шығармалары, сонымен қатар өмірі мен қызметі жайлы мақалалар ұсынылған. Атап айтсақ: Алпысбаев Қ. Ұлттық рухты жаңғыртқан//Қазақ әдебиеті.-2015.-20 наурыз.-Б.4; Елеукенов Ш. Ұлтты ұлықтаған жазушы//Жалын.-2009.-№3.-Б.44-52; Алпысбаев Қ. Есенберлин романындағы тарихи тағлым: мәдени мұра//Ақиқат.-2008.-№12.-Б.198-205.