Бородулиха ауданында өткен «Әлемге танылған тұлға» атты библио-керуен
2015 жылдың 5 маусымында Абай кітапханасы қызметкерлері Бородулиха ауданында және осы ауданға қарасты Новопокровка ауылына Ұлы Абайдың 170-жылдық мерейтойына орай «Әлемге танылған тұлға» атты библиокеруен ұйымдастырды.
Библиокеруеннің мақсаты: Бородулиха ауданы, Новопокровка, Сарноғай ауылдары тұрғындарына Абай кітапханасы қорындағы кезінде Абай оқыған әдебиеттер әлемімен және ақынның бай музыкалық мұрасымен таныстыру болды.
Қатысушылар назарына «Кітапхана оқырманы болған Абай» атты слайд-көрсетілімі ұсынылды. Слайд-көрсетілім барысында көрермендер Абай атындағы кітапхананың тарихымен, кітапхананың құрылуына үлес қосқан саяси жер аударылғандар: Е.П. Михаэлис, Н.Долгополов, Н.Я.Коншин жайлы деректермен, Абай оқыған Г.Спенсер, Милль, Дж.Льюистің кітаптарымен танысты.
«Абай және орыс әдебиеті» атты дәріс барысында Абайдың орыс әдебиетімен танысуы және ақын-ағартушының аудармашылық қызметі туралы ақпараттар берілді.
Кітапхананың сирек қоры ұсынылған «Абай заманындағы басылымдар» атты ретро-көрмеде қатысушылар әлем әдебиеті жауһарларымен танысты.
Шара соңында тұрғындар Абай атындағы кітапхана сайтында (http://www.semeylib.kz) орналастырылған «Абай-170» рубрикасымен және «Біздің Абай» электронды каталогына (http://www.puskhkinlibrary.kz) жасалған шолумен танысты.
Библиокеруен слайд-көрсетілім және ақын Қ.Ж.Нұрқасымның төл туындысы «Абайға арнауын» және Абай әндерін орындаумен жалғасты.
Жалпы библиокеруенге аудандық мәдениет бөлімінің, ұлттық мәдениет орталықтарының өкілдері, ауыл кітапханашылары, Новопокровка, Сарноғай және Бородулиха ауылдары кітапханаларының пайдаланушылары, жазғы лагердегі балалар қатысты. Жиыны қатысушылар саны 72 адам болды.