«Жазғы демалыста- кітап әлемімен»: буккроссинг
2015 жылдың 11 маусымында Абай атындағы кітапхана қызметкерлері «Жазғы демалыста -кітап әлемімен» тақырыбында, кітапхананың «Жазғы оқу мектебі» жобасы аясында, қала тұрғындарына арнап, қаламыздың Жеңіс саябағында буккроссинг өткізді.
Бұл мәдени шараның мақсаты: көркем әдебиеттердің оқылымнан шығып қалмай, өз оқырманын табуына ықпал ету, тұрғындардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру. Кітаптың өз оқырманын іздеп шығатын бұл қозғалыс, осыдан бірнеше жыл бұрын Америкада басталған болатын. Әлемдік жаһанданумен бірге біздің елге де аяқ басқан осы шараның ерекшелігі – кітап назардан тыс қалып қоймай, қайта айналымға енуінде. Кітаптардың сыртына «Бұл кітап өзін жоғалтқан жоқ, бар қызықты ішін ашып оқысаң, білесің!» деген стикер жабыстырылды. Айналасы бір сағатқа жетер-жетпесте қойылған орындарында бірде-бір кітап қалмай, осы мақсатқа бөлінген жиырмадан астам кітап өз оқырманын тапты. Олардың қатарында балаларға арналған кітаптардан: Қабдысләм Тортайұлының «Білгім келеді», С.Прокофьеваның «Приключения желтого чемоданчика» және ересектерге арналган кітаптардан: Е. Суховтың «Большой шмон», «Охота вслепую», И. Лажечниковтың «Ледяной дом», В.Сароянның «Приключения Весли Джексона», Ю.Шилованың «Все под откос» т.б. кітаптар бар.
Кітаптардың оқырмандар арасындағы қозғалысын бақылау үшін әр кітаптың арасына «Буккроссиг» қозғалысы туралы оқырманға арналған ақпарат берілді. Осы ақпараты пайдалана отырып, әр оқырман өзі туралы мәліметтерді кітапхананың semeybib@yandex.kz электронды поштасына жібере алады. Шара соңында тұрғындар «Буккроссиг» акциясын өткізуді дәстүрге айналдырып, жиі өтіп тұруын қалайтындықтарын білдірді.