Абайдың қайраткерлік тұлғасы: Сирек басылым беттерінен: дәріс
2015 жылдың 22 шілдесінде кітапхананың «Абайдың рухани орталығында» ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойына арналған «Абайдың қайраткерлік тұлғасы: Сирек басылым беттерінен» тақырыбында дәріс өтті. Шараның мақсаты сирек басылымдар қорындағы ұлы Абай тұлғасына қатысты құнды құжаттармен кітапхана пайдаланушыларын таныстыру.
Дәрісті тыңдаған кітапхана пайдаланушылары Облыстық Санақ комитетінің 1897 және 1900 жж. «Памятная книжкаларымен», Семей Географиялық Бөлімшесінің «Запискилері», «Отчет общества попечения о начальном образовании за 1893-94 гг.» сияқты ұлы Абайдың қайраткерлік қырын танытатын сирек өлкетану дереккөздерімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Шараға қатысқан абайтанушы ғалым А.Омаров 20 жылдан аса уақытын жұмсап, жазған – «Абай: ашылмай келген қырлары» монографиясында Абай тұлғасына қатысты тың деректері мен тарихи фактыларға сүйеніп, ақынның жылдары жаңылысқан бірнеше өлеңдерін анықтағанын әңгімеледі.
Кітапхананың сирек басылымдар қорындағы дереккөзге сүйеніп, аталған монографиясының жаңа басылымына Абайдың қоғамдық игі істердің қайнаған ортасында жүрген сипатына толықтыру енгізсем деп, қажет мәліметтерін жазып алған автор, осындай мағыналы шараларыңыздан қалдырмаңыздар деген тілегін жеткізді.