Кітап – сенің құралың, жағар білім шырағың: болашақ кітапханашылар сайысы
2015 жылдың 14 қазанында Абай атындағы әмбебап кітапхана қызметкерлері М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде өткен болашақ кітапханашылар сайысына төрелік етіп, студенттердің білімділігін айқындап, бағалап қайтты.
Сайысты ұйымдастырудағы мақсат – студенттердің өз мамандығына деген сүйіспеншілігін арттыру, кітапқа құрметпен қарап, колледжде алып жатқан білімдерін саралау болды. Сайыс үш кезеңнен тұрады. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды», «Кітап – ғажайып қазына», «Өнерлі кітапханашы». Бірінші кезең бойынша өзін-өзі таныстыру және әрқайсысы бір-бір бөлімнің қызметкері ретінде дәстүрлі және виртуалды кітап көрмелерімен таныстыру, библиографиялық шолу, электрондық ауызша журнал өткізіп білім деңгейлерін байқатты. Екінші кезеңде: кітап пен кітапханаға қатысты сұрақтар бойынша алынған билеттерге ұтымды жауап берілді. Соңғы байқауда студенттер бойындағы қарым-қабілеттерін көрсету мақсатында өнерлерін (қолөнер, ән айту, билеу, мәнерлеп оқу) ортаға салды. Сайысқа қатысқан 6 студент І, ІІ, ІІІ орын бойынша колледждің арнайы дипломымен, «Өнерлі кітапханашы», «Шығармашыл кітапханашы» және «Кітап жанашыры» номинацияларымен марапатталды, кітаптар сыйға берілді. Колледж директоры Ш.Алдамжарқызы студенттеріне ризашылығын білдіріп, болашақта өз мамандығының білікті иесі болатындықтарына сенім білдірді. Біз де болашақ кітапханашыларға білімді, іскер және жаңашыл болу үшін ерінбей еңбектене беріңдер деген тілегімізді білдірдік.