Ықыласпен ұсынамын: кітапханаға сый
2015 жылдың 27 қазанында сонау Жетісу жерінен ұлылар мекеніндегі Абай атындағы әмбебап кітапхана қорына ұсынған сый тарту келді. Сал-серілердің соңғы тұяғы, ақын, сазгер, әнші Кенен Әзірбаевтың қызы Төрткен Кененқызы өзі жазған, құрастырған бірнеше кітаптары мен диск-альбомдарын беріп жіберді. Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің озық қызметкері, ұстаз, әнші Төрткен апа әке мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, мәпелеп қорғаштап жүрген асылдың сынығы.
Кітапхана қорына қосылған «Алатаудың ақиығы» деректі фильмі, «Қосылған қоңыр қазға ән мен үнім» ақынның орындауындағы ән-альбом дискісі, Кененқызы Төрткеннің «Кенен ата», «Дүлдүл еді, бұлбұл еді», Әзірбаев К. «Қосылған қоңыр қазға әнмен үнім» атты кітаптарының келешек ұрпаққа беретін тәрбиелік мәні зор мәңгілік мұралар. Берілген кітаптар мен дискілерде ғажайып талант иесі, артына телегей-теңіз мұра қалдырған ақын жайлы ғалымдардың, зерттеушілердің пікірлері, көзі тірісінде өз аузынан жазылып алынған әндер мен араласып-құраласқан ақын-жазушылардың, балаларының естеліктері қамтылған. Біз, кітапхана қызметкерлері Төрткен апаға сый тартуына алғысымызды білдіре отырып, әке мұраларын халыққа жеткізуде талмай еңбектене беріңіз демекпіз.