Далалы өлкені зерттеуші: Ш.Уәлиханов көшесі бойымен библиокруиз
13 қарашада Абай кітапханасы қызметкерлері қаладағы Ш.Уәлиханов атындағы көше бойында қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, этнограф, фольклоршы, саяхатшы және ағартушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың 180-жылдығына орай «Далалы өлкені зерттеуші» атты библиокруиз ұйымдастырды.
Ш.Уәлиханов көшесінде орналасқан кеңселердің қызметкерлері мен тұрғындарға ұлы ғалым, этнографтың қамшының сабындай ғана қысқа да, жарқын өмірі мен сан қырлы зерттеушілік қызметі туралы ақпараттарды қамтитын кітапханашылар алдын-ала дайындаған 100-ге жуық бетбелгілер мен буклеттер таратылды. Шара барысында кітапхана қызметкерлері Ш.Уәлихановтың өмірі, шығармашылығы және қазақ халқы тарихының дамуына қосқан үлесі туралы тың деректер келтірді. Шараға қатысушыларды ғалымның суретшілік өнері (Ш.Уәлиханов алғаш қазақ даласын қағазға түсіргендердің бірі болған), зерттеушілік қызметі (Қашқарияға, Шығыс Түркістанға сапары), Семей жерінде болуы (Ф.М. Достоевский, П.П. Семенов-Тянь-Шанскиймен танысуы) сияқты деректер аса қызықтырды.