Жерлес жазушы туралы сөз: кітап көрмесі
2016 жылы 14 қаңтарда Абай атындағы кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі қызметкерлері саналы ғұмырын қазақтың танымал ұлы Қанышқа арнаған, өндіріс пен жазушылықты қатар алып жүрген, жерлес жазушымыз, Шығыс елінің мақтанышы – Медеу Сәрсекенің туғанына 80 жыл толуына орай «Жерлес жазушы туралы сөз» атты ауқымды түрде кітап көрмесін ұйымдастырды.
Аталмыш көрмеге жазушының әр жылдарда жарық көрген “Ғажайып сәуле” (1959), “Көрінбестің көлеңкесі” (1960), “Жетінші толқын” (1964), “От және атом” (1965) “Қаз қайтқанда” (1968), “Айшықты мезет” (1969) атты повестері , “Сәтбаев”, “Ебіней Бөкетов” (2005) атты деректі ғұмырнамалары және т.б. мерзімді басылым беттеріндегі мақалалары қойылды.
Қазақ Қанышымен мақтанады.Күллі Шығыстың мақтанышы Медеу, Қанышты әлемнің 112 еліне танытты.Бұл жазу майданындағы ерен ерлік деп бағаланса болады. Жерлес жазушы ағамыздың еңбегі де өз дәрежесінде бағаланып та жатыр. Ол “Еңбектегі ерлігі үшін” төсбелгісінің, “Құрмет” орденінің (2001) иегері.
Бөлім қызметкерлері көрмеге қойылған басылымдарға ақпарат бере отырып, жазушы туралы пайдаланушылардың да пікірін ортаға салды. Кітапхана оқырмандары мен қызметкерлері осындай ел танитын, ұлттың мақтанышы бола білген, жерлес жазушыларының барына көңілдері қуанышты екенін айта отырып, Медеу ағаға ұзақ ғұмыр тіледі.
«Жерлес жазушы туралы сөз» кітап көрмесі және басқа да іс-шаралар жазушы құрметіне орай жыл бойы өз жалғасын таппақ.