Тұрсынғазы Төлеубайұлы Рахимов: бейнежазба
9 ақпан күні Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орайластырып Абай атындағы кітапханада «Сәби болғым келеді» әнімен танымал, өз өнермен қалың қауымды сүйсінтіп жүрген, жерлесіміз, сазгер, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Тұрсынғазы Рахимовтан бейнежазба түсіріліп алынды.
Сөзін бақыттымын деп бастаған сазгер өміріндегі ұстаздарын ыстық лебізімен есіне алып, алғашқы әнін тұңғыш ұлы дүниеге келгенде жазғаны туралы сөз қозғап, әр әнінің шығу тарихына тоқталды. Т. Рахимовтың әндерінің халықтың жүрегіне жол табуына себепкер болған ұстазының бірі Мұқағали Мақатаев еді.
М. Мақатаевты алғаш бала кезінде көріп, есейе келе ақынмен араларында рухани жақындықтарын айтып, сағынышын білдірді. Шынайы сезім, шеберліктен туындаған табиғат, өмір, жастық шақ, махаббат сырына арналған әндері жан дүниеңді тербететін туындылар. Сазгер осы уақытқа дейін Ақиық ақынның отызға жуық өлеңін әнге қосты: «Дариға, домбырамды берші маған», «Отыздан асып барамын», «Мен сені сағынғанда», «Санаулы күн» «Нені аңсаймын», «Я, жаратушы Аллам», «Қазағым-ай», «Аягөз ару» т.б.