Алтын ғасыр классикасының Дарабозы: кездесу
2016 жылы 23 ақпан күні Абай кітапханасында заманымыздың заңғар жазушысы, «Парасат»орденінің иегері, «Қазақстанның халық жазушысы», халықтың құрметті азаматы – Қабдеш Жұмаділовпен кітапхана пайдаланушыларының кездесуі болып өтті.
Сүйікті жазушысымен кездескен қала тұрғындарының қуанышында шек болмады. Жазушымен бетпе-бет жүздескен жазушы оқырмандары, қаламгер иесіне көңілдерінде жүрген сауалдарын қойды. Сұрақтардың көбісі жазушы шығармашылығына және өмір жолына байланысты болды. Жазушы ғұмыры терең тарихқа толы. Оның басынан кешкендерінің бәрі тарих қойнауында. Қазақтың Қабдеші тарихты зерттей отыра, шынайылық пен адамшылықты ақ парат беттеріне түсірді.
«Мен, әр жазған шығармамда, әр туындымда болған жайттарды шын әрі анық жазуға тырыстым» – деді жазушының өзі кездесуде. Сонымен қоса, осы киелі жерде бірінші рет кездесуде отырғанын да тілге тиек етті. Рухы биік, аты алты алашқа аян Семей шаһарының өзіне ыстық екенін де жасырмады.Жазушыға деген халық қошеметі ерекше болды. Бірі арнау оқып, енді бірі жазушы туындысындағы образдарға қызығушылық сұрақтар қойса, өнертанушы, ақын – Құсмілия Жырғалыұлы Қабдешке арнап арнайы ән шырқады.
Аталмыш іс-шарада жазушы шығармашылығына арналған «Қазақтың Дарабозы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінде Қ.Жұмаділовтің кітапхана қорында бар кітаптары, мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалары және ол туралы жазылған мақалалар қойылды.
Қазағы барда Қабдеш мәңгі. Қазақтың бүгіні мен өткенін шынайы болмыста жеткізер Қабдеш ағамызға, халық ұзақ ғұмыр тіледі.
Іс-шара соңы естелікке суретке түсумен және жазушының қолтаңбасын алумен аяқталды. Іс-шараға қатысушылар кітапханаға зор алғыстарын білдіріп жатты.