Күй мен күйші құдіреті: кітап көрмесі
Абай атындағы кітапхананың өнер бөлімінде «Күй керуені» үйірмесінің аясында 9 наурыз күні дәулескер күйші, домбырашы Қаршыға Ахмедияровтың 70 жылдық мерейтойына орай «Күй мен күйші құдіреті» тақырыбында кітап көрмесі өткізілді.
Іс-шара барысында бөлім қызметкерлері М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенттеріне күй жанрында өзгеге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы, орындаушылық дәстүрі бар күйші Қаршыға Ахмедияровтың қазақ музыка мәдениетінің тарихында күй мұрасын халық шығармашылығының биік шыңына шығуына өзіндік үлес қосқаны жайында маңызды ақпараттар берді. Күйшінің шығарған 500-ден астам күйлері «Атырау», «Жігер», «Дәулеткерей», «Табыну», «Махамбет», және т.б. күйлері мен «Төремұрат» (үнтаспа ) жинақтары қазақ мәдениетіне қосқан үлкен үлес. Сондықтан да ол халық жүрегіне берік орнап, сұлулықтың, ізгі дүниенің бір мұрасы болып қалады. Қаршыға күйлеріндегі лирикалық сарындар мен әуен толқындары қазақтың кең даласы мен оның сұлу табиғатын суреттейді.
Шолу барысында кітаптар мен мерзімді басылымдардағы мәліметтер, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жинағы оқырман назарына ұсынылып, өмірдің мәні мен сәні туралы, бүгін мен болашақтың қамы туралы толғандыратын «Нарын», «Қуаныш», «Сағыныш», «Аққайың», «Желдірме», «Жалғызым», «Наурыз» т.б. күйлері жайында қызықты мәліметтер берілді. Интернет желісінен күйшінің бірнеше күйлері тыңдалып, колледж студенті Тамаша Шерікбайқызы «Наурыз» күйін орындады.
Ол шәкірттерінің арасынан бірнеше шебер күйші-орындаушыларды тәрбиелеп, өзінің дәстүрлі мектебін қалыптастырды. Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің мәртебелі сахналарда өнер көрсетіп, беделінің биіктей түсуіне үлкен үлес қосты. Осындай дарын иесінің еңбектері ескеріліп, келер ұрпаққа кеңінен насихатталса күйшінің артына қалдырған мол мұрасы да, оны жеткізген шәкірттерінің үлесі де ұрпақтар жүрегінен өшпек емес.