Семей сынақ ядролық полигонының мәселелері: республикалық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау
22 желтоқсан күні, сағат 14.00 Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Семей сынақ ядролық полигонының мәселелері» атты республикалық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Шараға республикалық, облыстық, қалалық, баспа және электрондық, радио және теледидар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қаланың зиялы қауым өкілдері қатысты. Семей сынақ ядролық полигонының мәселелері бойынша ғылыми-іздестіру жұмыстарына қосқан үлестері үшін Абай атындағы әмбебап кітапханасының директоры Г.Т.Жигитбаева, «Невада – Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалыстың вице-президенті С.У. Картоев, атом энергиясы бойынша ҚР Агентігінің «Ұлттық ядролық орталықтың» бас директоры Э.Г. Батырбеков, облыстық «Дидар» газетінің журналисі Р. Нұғманбековалар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының алғыс хаттарымен марапатталды.
Тәуелсіздік жылдарында Семей ядролық полигонның зардаптарын және ҚР ядролық орталығының жұмыс бағыттарын келелі және жан-жақты жазып көтерген 23 журналист алғыс хаттармен, сыйлықтармен марапатталды. Бұл іс-шараны «ХХІ ғасыр – ядролық қарусыз ғасыр!» атты кітап көрмесі толықтырды.
Көрмеге кітапхана қорындағы кітаптар, мерзімді басылымдар, мұрағат фотосуреттері қойылды.