Логотерапия немесе өмірге құштарлық: кітаптың тұсаукесері
08 ақпан күні сағат 14.00-де Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен жарық көрген «Логотерапия немесе өмірге құштарлық» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Аталмыш сериямен шыққан кітаптардың рухани иммунитетті арттыруға пайдасы мол. Логотерапия – мәнмен емдеу. Кітап өмірден мән іздеп, тіршіліктің түпкі себептеріне үңілген қарапайым оқырманға арналған. Сонымен қатар суицидпен күресуші кез келген қоғамдық тұлғаға және медицина, психология, философия, дінтану, мәдениеттану, педагогика мамандығына оқитын студенттерге факультативті құрал ретінде ұсынылған.
Өмірдің мәнін, адамның күллі тіршілігінің мағынасын терең зерттеп, зерделеген ғалым Виктор Франклдың адамға пайда үшін жасаған еңбегін қазақшалап, өмірдің мәнін түсіндіруге қызмет еткен авторлық топ, осы кітапқа алғысөз жазып, пікірлерін айтқан ғалымдар оқырмандармен жүздесті. Кеш қонақтары: шығыстанушы Санжар Керімбай, дінтанушы магистр Әділбек Нәби, әлеуметтанушы магистр Сұлтан Тайғариндер болды.
Шараға қала мектептерінің басшылары, психолог мамандар, сынып жетекшілері, кітапхана пайдаланушылары қатысты.
Аталмыш шара барысында қатысушылар қазақ дүниетанымын қалыптастыратын мысалдармен көрсеткен бұл кітаптың біздің қоғамға берері мол, өзекті мәселені қозғап, дер кезінде шыққан кітап деп оң бағаларын берді.
Кітаптың авторлары кітапхана қорына «Сияр Шәріп» (пайғамбар жолы), «Әлдиден эпосқа дейін», Салт-дәстүр сөйлейді» және «Логотерапия немесе өмірге құштарлық» атты кітаптарын сыйға тартып, қатысушылармен пікір алмасты. Шараға арнайы психологя, медицина философия, мәдениеттану тақырыбында әдістемелік құралдар, кітаптар мен мерзімді басылымдар қойылған «Психология – таңғажайып ғылым» атты кең көлемді басылымдар көрмесі жасақталып, ұсынылды.