Кітап оқыңыз да, сауығып кетіңіз!: акция
9-шы ақпан күні сағат 10:00-да Абай атындағы әмбебап кітапхана қызметкерлері «Семей қаласының мемлекеттік медицина университетінің» медицина орталығында, бұрынғы облыстық ауруханада «Кітап оқыңыз да, сауығып кетіңіз!» акциясын өткізді.
Аталмыш шара Семей қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл акцияны өткізу «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы ұйымдастырғаннан кейін мүмкін болды. Шара барысында аурухана қызметкерлері, емделушілер өздеріне ұнаған кітапты таңдап, тегін алды. Шараның мақсаты: елімізде оқу мәдениетін дамыту, емделушілерді тез сауығып, библиотерапия арқылы оңалып кетулеріне ықпал ететін кітаптармен қамтамасыз ету, уақыттарын тиімді өткізулеріне жағдай жасау.
Акцияға ұсынылатын кітаптар орыс және қазақ тіліндегі көркем әдебиеттер, журналдар. Емделушілерге жиыны 1000(мың) данадан астам кітаптар мен журналдар сыйға берілді. Бұл басылымдар емделуші қауымның рухани байлығын молайтып, кітаптың қолдан қолға беріліп, өмірінің ұзартылуына ықпал ететіні сөзсіз.
Акцияға ұсынылатын әрбір кітапқа «Тез сауығып кетіңіз!» тілегімен жарнамалық буклеттер, бетбелгілер салынды. Акцияға «Қазақстан-Семей» ұлттық телеарнаның журналистері қатысты. Шара барысында аурухана қызметкерлерінің, емделушілердің кітапқа құмарлығы бізді тәнті етті. Аурухана басшылары Альжанов Серік Нұрибекұлы, Кикымбаева Раушан Құсайынқызы мұндай акцияның өткізу идеясы ұнағандығын, енді әрбір емделуші өз бөлмелерінде ұнаған кітаптарын оқып, бос уақыттарын кітап оқуға арнайды, деп өздерінің жүрекжарды пікірлерін білдірді.
Денсаулық – адам өміріндегі баға жетпейтін ең бағалы дүние. Адамның денсаулығы – қоғам байлығы. Абай атындағы кітапхана қызметкерлері емдеушілер кітап беттеріне таңғажайып саяхат жасап, аман-есен сауығып, отбастарына оралсын, деген тілектерін білдіріп, акцияны қорытындылады.
Акцияның өз дәрежесінде өтуіне қолдау көрсеткені үшін облыстық аурухана ұжымына алғысымызды айтамыз.