Суретші-флорист, мүсінші, қолөнер шебері Құрман Абайұлы Аймұханбетов: кездесу кеші
2017 жылдың 14 ақпанында Абай атындағы кітапханада мүсінші, суретші-флорист, ағаштан түйін түйген шебер, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының мүшесі, қаламыздағы Бизнес және Сервис колледжінің оқытушысы Құрман Абайұлы Аймұханбетовтың өнер туындыларына арналған «Семей полигонының қасіреті» атты кең көлемді көрме ұйымдастырылып, кездесу кеші өтті. Көрмеге қаланың зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, колледж және мектеп оқытушылары, студенттер, БАҚ өкілдері қатысты. Шарада Халықаралық қазақ тілі қоғамының вице-президенті О.Т.Шәріпбаев, ұстазы Жанат Төлебаев қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы А.А.Қуанғалиева т.б. қонақтар сөз алып, ізгі тілектерін білдірсе, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының төрағасы С.У.Картоев Құрман Абайұлын Семей полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған мерекелік медалімен марапаттады.
Құрман Абайұлы өмірінің 28 жылын полигон тақырыбына арнаған мүсінші. Республика көлемінде «Семей полигонының қасіреті» атты тақырыптық көрмелердің тұрақты мүшесі. Осы еңбектері еленіп, үлкен марапаттарға да ие болған.
Құрман Абайұлының шынайы шеберлікпен жасаған мүсіндерінен полигонның адамзатқа әкелген орны толмас қайғы- қасіретін, тіршілік атаулының тартып отырған жан азабын көруге болады. Атап айтсақ, мүсіншінің «Құбыжық адам», «Ананың көз жасы», «Хайуан адам», «Полигонның зардабы», «15 жасар кемтар бала», «Өлім әкелген саңырауқұлақ», «Махаббат өлімнен де күшті» және т.б. жиыны 30-дан аса мүсіндері адамның жан дүниесін тебірентеді. Аталмыш еңбектері 2016 жылы Астанада Полигонның 25 жылдығына орай Тұңғыш Президент кітапханасында, екінші аймақтық форумда және ҚР Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырған «Әлем. ХХІ ғасыр» атты форумда қойылып, көпшіліктің қошаметіне бөленген.
Кеш барысында Құрман Абайұлына кітапханамыздың «Поэзия бұлағы» ақындар клубының мүшелері: Смағұлова Қымбат шығарған арнауын тарту етсе, ал Шынғазина Айгерім полигон тақырыбына арналған туындысын оқып берді. Сонымен қатар Семейдің Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармониясының «Гаухартас» дуэтінің орындауындағы «Заман-ай» әні келген қонақтардың ыстық ілтипатына ие болды. Аталмыш шаранның өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, ұлттық сана-сезімін, азаматтық көзқарасын қалыптастыруда ықпалы зор. Шара соңында полигон тақырыбына арналған «Ядросыз әлем- жаһандық қауіпсіздік кепілі» атты жасақталған кітап көрмесіне шолу жасалынды.