Шет тілін оқытудағы жаңа технологиялар: семинар
2017 жылы 26 мамыр күні Абай атындағы кітапханада қаладағы ағылшын тілі оқытушыларына арнап «Шет тілін оқытудағы жаңа технологиялар» тақырыбында семинар өткізілді. Шараға Шәкәрім атындағы университет, СММУ, ҚазИЗУ, ҚИУ, «Жасұлан» мектеп лицейі және № 6 мектеп гимназиясының ағылшын тілі пәнінің оқытушылары қатысты. Семинарды Назарбаев зияткерлік мектебі директорының шетелдік педагогтар жұмысы жөнінде орынбасары Эдмунд Патрик Фитджеральд жүргізді. Э. Фитжеральд – әлемнің 9 елінде болып тәжирибе жинақтаған, 37 жылдан астам педагогтық қызмет істеп жүрген білгір маман. Ол қазіргі уақытта қаламыздағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жоғары деңгейде көрінуіне өз үлесін қосып жүрген ұстаз. Семинарға қатысушыларға «Форум» әдістемелік журналымен қоса үлестірмелі материалдар таратылды. Семинар барысында қатысушылар Э.Фитджеральд дайындаған заманауи әдістемелік ағылшын тілді сайттар туралы слайд көрсетілімімен танысты. Бұл сайттардың тілдік дамуға, атап айтқанда: ауызша сөйлесуге, тыңдауға, жазуға тигізер септігі зор. Қазірде бұл сайттарды Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі оқытушылары өз іс-тәжірибелерінде пайдалануда. Қатысушалар Э.Фитджеральдың көпжылдық оқытушылық тәжірибесінен біршама деректі ақпараттар ала отырып, оқытушы ұсынған түрлі ағылшын тілді ойындарға қатысып, өз білімділіктерін көрсете білді. Іс- шара соңында аталмыш шараға қатысушылар АҚШ елшілігі жолдаған жаңа оқу әдістемелік құралдармен танысып, арнайы жайылған шағын дастарханнан дәм татты.