Қаламгердің құрақ көрпесі: тұсаукесер
Абай атындағы әмбебап кітапханасында қаламгер Сүйеубай Байқадиұлының шығармашылығына 50 жыл толуына орай жаңадан баспа көрген екі томдық «Қаламгердің құрақ көрпесі» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Жинаққа С. Байқадиұлының жарты ғасырлық журналистік қызмет қоржынына жиналып, баспасөзде жария көрген публицистикасының таңдаулылары іріктеліп, көпшілік назарына ұсынылып отыр. Жинақ кешегі қолына қалам алған он төрт жасар жеткіншектен, бүгінгі немере сүйіп, ұрпақ өрбіткен улкен бір әулеттің отағасы, ақсақалы, салиқалы ел азаматына айналған Сүйеубай Байқадиұлының туған елі мен жеріне, еңбек адамдарына деген ыстық ықыласынан туған өлкенің өзекті мәселелерін көтеретін туындыларымен таныстырады. Шараға қаланың ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері, журналистер қауымы қатысып, жазушы Б.Ақанов, журналист Т.Ахметов, этнограф-тарихшы М.Мұхамедиұлы мен ақын М. Оспанов, «Зияткерлік» баспа үйінің директоры, ғалым А.А.Құдайбергенов қаламгер шығармашылығы жайлы ой бөлісіп, ыстық лебіздерін білдірді.
Кітапхана қызметкерлері әзірлеген «Ақшәулінің ақиық қаламгері – Сүйеубай Байқадиұлының шығармашылығына 50 жыл» атты басылымдар көрмесі мен осы тақырыпта жасалған слайд көрсетілімі «Қош бол, аққу» новелласынан бастап жария көрген автордың барлық кітаптары мен публицистикасы жарияланған баспасөз басылымдарын қамтып, көпшілік назарына ұсынды. Шараға Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетінің, Семей қаржы колледжінің студенттері қатысып, қызықты да қиын, жауапкершілікті журналист мамандығының сырына қанықты.