Жазды кітапханада өткіземіз: мультфильм көрсетілімі
9 маусым күні Абай атындағы әмбебап кітапханасының балалар әдебиеті бөлімінде «33 Пингвина» балалар бақшасының тәрбиеленушілеріне «Жазды кітапханада өткіземіз» шарасы аясында «Walt Disney Pictures» компаниясының «Ақшақар мен жеті ергежейлі» мультфильмінің топтамалары көрсетілді. Кішкентай ғана бүлдіршіндер қоршаған әлемді белсенді түрде тани бастаған кезеңде мультипликациялық фильмдерді көру аса маңызды болып табылады. Әсем суреттерден, қиялға ерік берілген сюжеттерден, сазды дауыстардан, мәнерлеулерден тұратын мультфилімдердің бала негізінің қалыптасуына тигізер әсері де зор.
Туынды қатігез патшайымның өгей қызы – Ақшақардың өмірі туралы баяндалады. Сұлулығын мақтан тұтқан зұлым ана өгей қызының өзінен де асып түскен сұлу екеніне көз жеткізген соң, оның өмірін қор етпек болады. Алайда ну орманда адасқан қыз жаңа достар табады. Оған жанашыр болған нағыз достары – жеті ергежейлі еді. Балалар басты кейіпкерлер мен бірге уайымдасып, соңында қойылымның арқауын қызығушылықпен талқылап, сюжет барысында түсінгендерін айтып беруге тырысып жатты. Анимациялық фильм кішкентай жеткіншектерімізге өмірде жақсылық пен жамандық қатар жүретінін, досқа адал болу керектігін, кино тілімен мінсіз баяндап берді.
Шара соңында бүлдіршіндерге заманауи мультфильмдермен қатар бөлімнің медиатекасынан қазақ, орыс тілінде кітап парақтарын ашқан кезде жапсырма қағаздар арқылы ертегі желісін көз алдыңа елестетін «Ашылмалы кітапша» топтамасымен жарық көрген кітаптар ұсынылды.