Жаназа және жерлеу рәсімі: кітап тұсаукесері
Абай атындағы кітапханада 13 маусым күні қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің бекітуімен, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын шығарудағы негізгі мақсат – еліміз бойынша діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеу болды. Шараға қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.С.Садырбаев, қала мешіттерінің имамдары, зиялы қауым өкілдері және кітапханашылар қатысты. Қазақстан мұсылмандыры діни басқармасының Семей аймағы бойынша өкіл имамы, Семей қаласының қос мұнара мешітінің бас имамы Мақсат Қуанышбекұлы діни жоралғыларды бір жүйеге келтіру мәселелеріне тоқталып діни рәсімдерді бір ізге түсіру мақсатында шығарылған кітапты халыққа жан-жақты насихаттауға, бірлесе отырып түсіндіруге шақырып, кітапханаға, қатысушыларға аталмыш кітаптың бір-бір данасын сыйлады. Бұл кітап Ғұламалар кеңесінде 2 жыл қаралып, дайындалып, 11 мың данамен жарық көрді. «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында қазіргі қоғамда талқыланып жүрген мәселелердің бірі қабір басына кесене тұрғызып, белгі қою, мұсылман зиратының талаптары мен қағидалары, жаназаға қатысты үкімдер топтастырылған. Қайтыс болған кісіні жерлеу, құдайы ас пен садақа берудің әдебі жан-жақты қамтылған. Шараға Діни дәстүр—жаназа және жерлеу рәсімі тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, слайд көрсетілімі ұсынылды.