Қазақтың қаһарман батыры – Қаракерей Қабанбай (Қабанбай батырдың туғанына 325ж): ақпараттық сағат
23 маусым күні Абай атындағы кітапхана қызметкерлері Қабанбай батырдың туғанына 325 жыл толуына орай, «Туған өлкенің тарихи тұлғалары» жобасы аясында, теміржол вокзалының маңында орналасқан Қаракерей Қабанбай ескерткішінің жанында, қала тұрғындары және қонақтарына арнап, «Қазақтың қаһарман батыры – Қаракерей Қабанбай» тақырыбында ақпараттық сағат өткізді. Шараның мақсаты: дарабоз – батыр, талантты қолбасшының ерен ерлігі мен батырлығын дәріптеу арқылы өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін ояту, туған жерін, елін, суюге тәрбиелеу болды. Қабанбай батырдың өмірі мен ерлік күресін Бұхар, Ақтамберді, Үмбетей, Дулат, Тәттіқара т.б. халық ақындары жырларында арқау етсе, жазушы Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» тарихи романын жазған. Қаламыздың № 35 мектебінің 6 сынып оқушысы Жакина Мадина мен №16 мектептің 6 сынып оқушысы Қайратова Еркежан Ер Қабанбай қиссасынан үзінді оқып, жұршылықтың назарын аударды. Сонымен қатар қатысушыларға батырдың қысқаша өмірбаяны жазылған парақшалар таратылды. Астанаға, әрі қарай Тянь-Шань тауларына жолаушылап өтіп бара жатқан Сербиялық турист-альпенисттер де берілген ақпараттарды қызығушылықпен тыңдап, жарқын көңіл-күйлерін білдірді.