Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек: еске алу кеші
30 мамыр күні Абай атындағы кітапханада ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттаушы, дәстүрлі әнші Келденбай Раузаұлы Өлмесековтің туғанына 65 жыл толуына орай, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» атты еске алу кеші өткізіліп, ғаламтор оқырмандарына арналған виртуалды көрменің тұсауы кесілді.
Шәкәрім әндерін бірден бір насихаттаушы ретінде тарихта аты қалған дәстүрлі әнші Келденбай Раузаұлы: «Қазақтың әр әні – менің жалғыз әнім», деп, киелі әнге көзінің қарашығындай қамқорлықпен қараған.
Кешке қаламыздың зиялы қауым өкілдері, әншінің аяулы жары Дәкен өнердегі ағалары мен үзеңгілес достары, әріптестері, шәкірттері мен әншінің шығармашылығын сүйіп тыңдайтын оқырмандар қатысты.
Кеште виртуалды көрмедегі өнерде қамқор болған ағалары, құрбы-құрдастары мен әріптестері берген сұхбаттардан үзінділер көрсетіліп, арнаулар оқылды. Семей медицина университетінің 4 курс студенті Әсем Шеризатова Жандарбекқызы Шәкәрім бейнесін құммен бейнелеп, әншінің шәкірті Берік Омаров Келденбай Өлмесековтың репертуарындағы әндерді орындап, шараның шырайын келтірді.
Сонымен бірге «Аға рухымен сырласу» тақырыбындағы кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде кітапхана қорынан алынған және мерзімді басылым беттеріне жарияланған Ибрагимов Т, «Толқын толғау», Ахметжанов А. «Шәкерім әндерін орындаушы», Иманбаева А. «Шәкәрім мұрагері», Кәкімұлы Қ. «Аяқталмаған ән» және т.б. мақалалар оқырман қауымының назарына ұсынылып, шолу жасалынды.