Семей Аруы: байқау
Бүгін, 8 сәуір күні Абай атындағы кітапханада ине шаншар орын болған жоқ. «Қазақстан жастарын қолдау» ШҚО жастар және «Жас Отан» қоғамдық бірлестіктері біздің кітапханамен бірлесіп, сұлулық мерекесі – «Семей аруы» байқауын өткізді. Дәстүрге айналған бұл байқау арқылы жыл сайын қазақ аруларының сұлулығы арқылы халқымыздың төл дәстүрі де жаңғырып, жаңарып отырады.
Сайыста көктемнің шуақты күніндей күлімдеген ақылына көркі сай қаламыздың жоғары және арнаулы оқу орындарының 8 аруы бақтарын сынады.
Сайыс бес кезеңнен тұрды. Байқауға қатысушыларға жеңіл болған жоқ. Әр кезеңде қыздардың инабаттылығы, парасаттылығы, өнерлілігі, шеберлігі және сымбаттылығы бағаланды. Қазақ қызына тән сұлулық, сыпайылық, сынды барлық игі қасиеттер байқауға қатысушылардың бойынан табылды.
Аталмыш конкурсқа «Сұлулық. Әдемілік. Әсемділік» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, қазақтың салт-дәстүрлеріне, қолөнерге, қыз бала тәрбиесіне, ырым-тыйымдарға байланысты кітаптар мен мерзімді басылымдар, Ғаламтордан ақпараттар қойылды.
Байқаудың жеңімпазы Алматы қаласында 31 мамыр күні өтетін қорытынды сайысқа жолдама алады.