Кітаптар әлемінде: экскурсия

05.06.18

2 маусым күні Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданатын оқушылары Абай кітапханасына келіп, білім саяхатына қатысты.

Кітапхана тарихымен, қызметімен қатысушыларды таныстыру бағытында мазмұнды библиографиялық шолу ұсынылды. Семей өңірінің бай тарихы мен тарихи тұлғаларының, «Алаш» қайраткерлерінің өмірі мен қоғамдық қызметі және мол мұраларын таныстыру мақсатында Абайдың рухани орталығы, «Алаш» электрондық кітапханасы, сирек басылымдарының алтын қорындағы ерекше құнды жәдігерлері туралы мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар, 1929-1940 жылдар аралығындағы латын әліпбиімен жарияланған әдебиеттермен танысу барысында өздерінің ғылыми жұмыстарына негіз болатын алгебра, химия, биология, астрономия т.б. оқулықтарын парақтай отырып, қажетті беттерін суретке түсіріп алды. Қатысушылар өздерінің жүргізетін ғылыми жұмыстарына арқау болатындай ақпараттар легімен танысқаннан кейін, іздену жұмыстарын бастау үшін оқырман билетін алды.