Конституция – негізгі заң және мемлекет тірегі: кітап көрмесі
Қазақстан Республикасының Конституциясына 22 жыл толуына орай, 29 тамыз күні Абай атындағы кітапханада «Конституция – негізгі заң және мемлекет тірегі» тақырыбында көпшілік қауым үшін кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекет негізінің іргетасы. Конституция бүгін мемлекетімізді мекендейтін халықтардың тыныш әрі бейбіт өмір сүруінің кепілі болып отыр. Ата заң аясында алтын дала – Қазақстан әлем елдері алдында экономикалық реформалар жүргізу мен демократиялық қоғам қалыптастыруда, әр түрлі ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүруі және әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуы жөнінен үлгі болып отыр.
Кітап көрмесіне кітапхана қорында сақталған кітаптар мен мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған мақалалар қойылды. Атап айтар болсақ, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері тәуелсіздік нышандары», «Қазақтың ата заңдары», Ө.Қопабаевтың «Ата заң – мемлекет дамуының іргетасы», «Өмірі Заңмен өрілген: Нағашыбай Шәйкенов жайлы естелік», Ғ.Сапарғалиевтың «Конституционное право Республики Казахстан», «Конституционные законы Республики Казахстан» ,Ж.С. Атжанованың «Роль органов Конституционного контроля в реализации конституционной ответственности» және мерзімді басылымдар беттері мен интернет ресурстарынан алынған мақалалар қойылды.