Арқаның ақиық ақыны: әдеби сағат
20 қазан күні Абай атындағы кітапхана қызметкерлері Семей көп салалы колледж студенттеріне ақын Тәңірберген Әміреновтың туғанына 110 жыл толуына орай, ақынның өмірі және шығармашылығымен таныстыру, оқырмандардың бойында ақындық өнерге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында «Арқаның ақиық ақыны» атты әдеби сағат ұйымдастырды.
Қазақ халық поэзиясының тарихында өзінің лайықты орны бар, талай мәрте сайысқа түскен майталман ақынның бір қыры –айтыс. Халық ауыз әдебиетінен сусындаған Тәңірберген Әміренов табиғаттың әсем көріністерін, адамның мүмкіндіктерін жарқыратып көрсеткен, қоғам келбетін лирикалық өлеңдерінде шеберлікпен өрнектейді. 1930 жылдан бастап алғашқы өлеңдері газет беттерінде жариялана бастаған ақынның «Жұмбақтас», «Қанды қанжар» шығармалары жеке кітап болып басылып көпшілік оқырмандар арасына тарады.
Шара барысында тыңдармандар назарына ұсынылған «Арқаның ақиық ақыны» атты бейне көрсетілімде ақынның өмірі мен шығармашылығына саяхат жасалып, поэтикалық жырлары тыңдалды. Тақырып бойынша викториналық сұрақтарға белсене қатысқан Тыныбаева Арманай, Болатова Инабат, Базельханова Айжан және т.б. оқырмандар сыйлықтарға ие болды.
Ақынның төл туындылары мен шығармашылығына арналған «Айтыс дауылпазы» атты кітап көрмесінде «Жұмбақтас», «Қанды қанжар», «Жол мұраты», «Өмір өткелдері» т.б. кітаптарымен бірге, қазақ айтысының ертеңі мен бүгіні жайлы мәліметтер жастардың айтыс өнеріне және ақын шығармашылығына деген көзқарастары артып, әдеби сағаттан үлкен әсер алып қайтты.