Бисермен су моншақ бұйымдарын жасау: шеберлік класы
Абай атындағы кітапханада 26 қазан күні «Шебер қолдар» үйірмесінің аясында су моншақпен тоқудан «Бисермен су моншақ бұйымдарын жасау» атты шеберлік класы өтті. Шараға мектеп оқушылары, бисермен тігу өнеріне қызығушылық танытып жүрген кітапхана пайдаланушылары, қызметкерлері қатысты. Су моншақ тоқудан қолөнер шебері Жумабаева Галина Владимировна шараға қатысушыларға бисердің шығу тарихы жайында және су моншақпен әшекей бұйымдар жасаудың технологиясы туралы мағлұматтар берді, сондай-ақ өз кәсібінің қыр-сырларымен таныстырды.
Қолөнер иесі шеберлік сабағында бисермен бұйымдарды кестелеу, моншақпен әшекей бұйымдар жасауды үйретіп, тоқу әдістерін түсіндірді. Бисерден тоқылған дайын бұйымдардан ұсынылған көрмеге су моншақ тоқудан қолөнер шебері Жумабаева Галина Владимировнаның тамаша туындылары қойылды. Шараға қатысушылар «Қыс көрінісі», «Кішкентай қыз», «Құмырадағы гүл», «Қобдиша», «Гүл шоғы», «Тоты құс» т.б. туындыларға үлкен қызығушылық танытты.
Жалпы су моншақтың аты араб сөзінен «бусер» жасанды моншақ дегенді білдіреді. Бисер – ұсақ түрлі түсті моншақтар. Моншақпен сәнді жұмыстар жасау тарихы өте ертеден басталады. Бисер өнері – ертеден таралып, танылып келе жатқан, әшекей бұйымдар дайындаудың бір түрі. Осы жайындағы жан-жақты мәліметтер «Бисер сәндік өнері» атты кітап көрмесінде ұсынылды.
Шара соңында кітапхана қызметкерлері қолөнер иесі Галина Владимировнаға алғыс білдіріп, сыйға кітап тарту етті.