Ғалым М.Мұхамадиұлының «Ердің ері – ер Жәнібек» кітабы: тұсаукесер
14 желтоқсан Абай атындағы кітапханада Қазақстан Республикасының ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, этнограф, тарихшы, ғалым, ел-жер тарихының энциклопедиялық білімді шежірешісі, ұлағатты ұстаз Мұхаметқазы Мұхамедиұлының «Ердің ері – Ер Жәнібек» кітабының тұсаукесері өтті.
Бұл кітап қазақ халқының қанды тарихы болған «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атанған кезіндегі, қазақ халқының бостандығы үшін ерекше ерлігімен даңқы шыққан Ер Жәнібек Бердәулетұлының (1714-1792жж.) Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында зиратының табылуымен, оған деген ел құрметінің ұлықтау ескерткішінің орнау іс-шаралары төңірегінде және ұлы тұлғаның үлгі шежіреге айналған ерліктерін баян етеді. Кітап қоғамның рухани жаңаруына үлес қосып, патриоттық тәрбие беруге бағытталған.
Білімді және ақжарқын қасиетке бай тұлға Мұхаметқазы Мұхамедиұлы жарты ғасырдан астам ғылыми ізденіс жолында қызмет қоржынына жиналып, баспасөзде жарияланған мыңға жуық мақалалары мен 700-ден артық ғылыми тарихи танымдық публицистикалық еңбектері және «Біртуар», «Ердің Ері – Ер Жәнібек», «Шәкәрім ғибраты», «Таңбалы тастар сыры», «Қапай Ысқақов», «Баймұрат батыр» кітаптарының авторы.
Шара барысында Ер Жәнібек Бердәулетұлының құрметіне арнап түсірілген көркем фильмнен үзінді көрсетіліп, батыр ескерткішінің ашылу салтанатына арналған деректі фильм ұсынылды. Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің профессоры, география ғылымдарының докторы Белгібаев М.Е. және Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің саясаттану, философия ғылымдарының кандидаты Түйебаев М.М. кітаптың тұсаукесер рәсімін жасап, қаламгердің жазушы ретіндегі жетістіктері мен шығармашылығы жайлы пікірлерін білдірді.
Шараға студенттер, кітапхана пайдаланушылары, БАҚ, қаламыздың зиялы қауымы өкілдері қатысты. Соңында арнайы дайындалған «Ұстаздықпен мерейленген нар тұлға» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.