Елбасы және Астана: кең көлемді тақырыптық кітап көрмесі
16 қаңтар күні Абай атындағы кітапхананың оқу залында тарихтан ерекше орын алып, қарыштап дамыған мемлекеттің әрі мәңгілік достықтың символына айналған Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай, елорданың қалыптасу кезеңдерін және оны дамытуда мемлекет басшысының өлшеусіз еңбегін оқырмандарға жеткізу, ғасырлық дәстүрді сабақтастырған астананың бүгінгі келбетінен мағлұмат беру мақсатында «Елбасы және Астана» атты кең көлемді тақырыптық кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылды.
Тақырыпқа сай безендірілген көрмеде: Астана туралы фотосуреттер, елорданың өткенінен және бүгінінен сыр шертетін туындылар, Астананың қазіргі келбетін баяндайтын және елбасының жаңа астана салу идеясын ұсынуы мен жүзеге асырған кезеңдерін қамтиды. Кітапхана қорынан алынған, Елбасының астананы Ақмолаға көшіру туралы бастамасы жайлы баяндайтын «Н.Ә.Назарбаев – тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы», Айталы А. «Байсалды ел байқаусыз қате жібермес», Бексейіт Сәбиттің оқырмандар жүрегінен орын алған «Астана уақыты» қарымды поэзиясы, жаңа елорданың тарихи-саяси, мәдени және туристік төлқұжаты түрінде әзірленген «Қазақстан» атты үш тілді көркемсуретті кітап-альбомы мен көптеген оқырмандардың қызығушылығын арттырған Қазақстанның даму тарихы бойынша елеулі құжаттама болып табылатын «Нұсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты көркемсуретті кітаптары, сонымен қатар «Егемен Қазақстан», «Елорда», «Ақиқат» және «Мәдениет» т.б. мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар топтамалары мен «Уақыт төріндегі қала» атты бейнефильмі және «Қазақстанның астанасы – Астана» атты әндер жинағы қойылды.
Кітап көрмесі жыл бойы толықтырылып, оқырмандардың көз қуанышына айналмақ.