«Рухани жаңғыру: Latyn- құнды мұра: кең көлемді ретро-көрме
27 ақпан күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысы әкімі Д.Ахметовтың бастамасымен ұйымдастырылған мәдени іс-шаралар кешені Зайсан ауданының Сарытерек ауылы мен аудан орталығы Зайсан қаласында жалғасын тапты. Сарытерек ауылы мен Зайсан қаласының мәдениет үйлерінде тұрғындармен кездесу шарасы өткізіліп, сирек басылымдардан жасақталған латын қарпіндегі басылымдардың көрмесі ұсынылды. Көрмеге қойылған сирек қордағы латын қарпіндегі басылымдардың QR-код сөресі ұйымдастырылып, шараға қатысушыларға оны пайдалану жолдары көрсетіліп, сирек деректерге көпшіліктің қолжетімділігіне мүмкіндік жасалды.
Кең көлемді сирек басылымдар көрмесін слайд көрсетілімі толықтырып, ұлт зиялыларының құнды ғылыми еңбектері келушілердің назарына ұсынылды. Қатысушылар сұранысына орай латын қарпіндегі сирек басылымдардың цифрлы нұсқасын ҚР Ұлттық электронды кітапханасы мен «Алаш» электронды кітапханасы қорынан алу қажеттігі туралы кеңестер берілді. 1929-1940 жылдары латын қарпімен қазақ тілінде жарық көрген басылымдардың сақталуы және ұлт зиялыларының құнды еңбектері шара қонақтарының қызығушылығын тудырды. Олар халқымыздың тарихына қатысты мәліметтерді анықтау мақсатында сирек басылымдардың маңыздылығы жайлы өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Сондай-ақ, латын графикасындағы әліпбидің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы, жаңа ұсынылған латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасы жайында тың ақпараттар берілді. Зайсан ауданының әкімі Т.Қасымжанов кітапхана қорындағы ұлттық құндылықтарды халыққа таныстыруда атқарған нәтижелі жұмысына өз ризашылығын білдіріп, мамандарымызға алғыс хат тапсырды.