Қазақ баспасөзінің тарихы: пікірталас алаңы
Мерзімді басылымдар тарихын, оның ішінде қазақ баспасөзінің тарихын бүгінгі күн талабына сай, ұлттық мүдде тұрғысынан қайта қарау, төл тарихымызды толықтыра түсері сөзсіз. Осы орайда наурыз айының бірінші жұлдызында Шәкәрім университетінің филология факультетінің 1-2 курс студенттерімен бірге «Қазақ баспасөзінің тарихы» тақырыбында пікірталас алаңы ұйымдастырылды. Пікірталас барысында қазақ баспасөзінің тарихы,дамуы жайында мағлұмат беріліп, қазақ баспасөзінің ХХ ғасырдағы жай-күйі мен қазіргі таңдағы хәл-ақуалына сараптама жасалды. Іс-шара барысында Қазақ баспасөзінің тарихынан сыр шертетін кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге шолу жасалып өтті. Оқырмандар назарына «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Түркістан уалаятының газеті» , «Дала уалаятының газеті» мақалалар жинағы, «Шолпан» кітабы, Ү. Сухбанбердина «Қазақ атамаұраларының тарихы», қазақ баспасөзінің қарлығашы «Қазақ» газеті кітабы мен Семей өңірінде жарық көрген басылымдардың қалыптасу жолдарын қарастыратын Р. Молдашеваның «Сарыарқадан Семей таңына дейін» деп аталатын монографиясын ұсынылды. Көрмеден сонымен қатар, «Лениншіл жас», «Еңбекші қазақ», «Екпін», «Социалды Қазақстан» газеттерінің 1931-1935 жылдары жарық көрген сандары да орын алды. Шара соңында жас ақындар өз шығармашылықтарынан үзінділер оқып, домбырамен әуелетіп ән салысты.
Заманауи бұқаралық ақпарат құралдары күн сайын жетіліп, саны мен сапасы жағынан да ілгері басып келеді. Сондықтан қазақтың мерзімді баспасөзі өз халқына əлі де ұзақ уақыт қызмет ететіні сөзсіз.