Рухани жаңғыру: Latyn – құнды мұра: ретро-көрме
20 наурызда Өскемен қаласының драма театрында өткен облыстық мәдениетқызметкерлерінің алқа-мәжілісінің қатысушылары үшін Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана қызметкерлері «Рухани жаңғыру: Latyn – құнды мұра» тақырыбында кітапхананың құнды қорынан ұйымдастырылған ретро-көрмемен таныстырып қайтты.
Көрмеге 1929-40 жылдардағы қазақ жеріндегі тарихи кезеңдердің қоғамдық-саяси өмірінен, әлеуметтік-экономикалық тіршілігінен мазмұнды ақпараттар беретін 120-дан астам басылымдар қойылды.
Шара қатысушылары «1916-жылғы Жетісу қазақтарының көтерілісі (1936), «Амангелді Иманов» (1936), «Біздің Ғани» (1936), «Жаратылыс тану» (1939), Алгебра есептерінің жинағы (1938), Ә.Ермековтің «Ұлы математика курсы» (1935), Т.Шонановтың, А.Мамытұлының, С.Мұқановтың, М.Әуезовтің құрастыруымен шыққан, заманында халықты сауаттандырған оқулықтармен қызыға танысты.
Көркем әдебиет қатарында ұлы ақын Абайдың 1936, 1939 жылы жарық көрген «Таңдамалы өлеңдері», «Жамбылдың өлеңдері» (1937), Ж.Сәрсековтың «Тоқсаны» (1936), С.Сейфуллиннің «Қызыл ат» (1934), С.Мұқановтың «Ақ аю» (1935) поэмалары, «Қазақ ақындарының өлеңдері» (1937) тағы басқа басылымдар көпшіліктің назарына ілікті.
Кітапхана мамандары ХХ ғасырдың 1-жартысында шыққан латын қарпіндегі құнды жәдігерлермен таныстырып қана қоймай, кітап авторларының қиын-қыстау кезеңдегі тағдырларынан да маңызды ақпараттар берді. Көрмеге жиналған зиялылар латын қарпіндегі басылымдар жайлы өздерінің ой-толғамдарымен, бұрынғы латын қарпі мен жаңа латын алфавитінің айырмашылығы жөнінде де ақпараттарымен бөлісіп, кітапханашылар тарапынан қанағаттанарлық жауап алғандарына ризашылықтарын білдірді.