Н. Келімбетов «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологы: оқырмандар конференциясы
Кітапханамызда 25 сәуір күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша таңдалынып алынған жазушы, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» атты хикаят-монологы бойынша оқырман конференциясы ұйымдастырылды. Конференцияға қатысқан Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенттері мен М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенттерін жазушының шығармаларынан арнайы дайындалған «Немат Келімбетовтің көркем әдеби мұрасы» тақырыбындағы кітап көрмесі қарсы алды.
Конференция барысында студент-жастар Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» деп аталатын хикаят-монологында ауыр науқасқа шалдығып, көп жылдар бойы төсек тартып жатқан мүгедек жанның өмірге деген шексіз құштарлығы, қайсарлығы, адамгершілігі, мөлдір махаббаты жайында ой қозғайды.
Конференция барысында студенттер шығарма өмірге деген көзқарасыңызға әсер етті ме? өмірдің құндылығы неде? шығарма кейіпкерлері, шығарма жайындағы әсеріңіз т.б. сұрақтарға жауап беріп, өз ой-пікірлерін білдірді.
Студенттер шығарманы оқу барысында автор қазақтың ұлы ақыны Абайдың, М. Мақатаевтың, Ә. Тәжібаевтың өлеңдерін, ежелгі грек философы Фалес, философ Сенеканың сөздерін шығармада қалай қолданғаны жайында жазушының көркем тіл шеберлігіне де тәнті болғандарын атап өтті.
Н.Келімбетов туралы видео-роликтер көрсетіліп, Ә.Қашаубаев атындағы филармонияның әншісі Таңат Төлегенұлы «Абай салған сол бір әнді әуелет» әнін нақышына келтіре орындады. Шара соңы педагогикалық колледждің студенті Сарсенбаев Ерасылдың өз өлеңін М.Қадылбековтың ақиық ақын М.Мақатаевтың «Ей өмірім, зымырап барасың» өлеңін оқумен және Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті Әмина Қалибекованың осы шығармаға арналған сиясы кеппеген өлеңін оқумен аяқталды.