Ұлы Жеңіс: Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран: кең көлемді экспозициялық кітап көрмесі
Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарынан сыр шертетін отты жылдарға арналған өлеңдер, проза, мемуарлар мен естеліктер, батырларымыздың ерен ерліктерін паш ететін кітаптар көптеп саналады.
9 – Мамыр Ұлы Отан соғысы кезіндегі халқымыздың ержүректілігі мен төзімділігін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн Ұлы Жеңіс мерекесіне орай, 3 мамыр күні Абай кітапханасында «Ұлы Жеңіс: Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран» атты тақырыпта кең көлемді экспозициялық кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кітап көрмесі «Қаһарлы жылдар жылнамасы», «Өнегелі өмір» сериясының ҰОС қолбасшылары, «Ұлы Отан соғысы: естеліктер мен мемуарлар», «Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында» , «Қаһарлы жылдар мерзімді басылымдарда», «Ұлы Жеңіс жырлары», «Отты жылдар әуендері» атты жеті бөлімнен тұрады. Әрбір бөлімге қойылған кітаптар соғыс жылдарындағы батырлардың ерлігін деректі, көркем, поэзиялық, музыкалық жағынан мазмұнын ашып көрсетеді. «Отты жылдар әуендері» бөліміне қойылған «Бери шинель», «Последний бой», «Мы вращаем землю», В. Высоцкий «Сыновья уходит в бой», «Песня о друге», «Черные бушлаты», «Военные песни» грампластинкалары мен «Жеңіске арналған 100 ән» кітаптары оқырман қызығушылығын туғызды.
Кітап көрмесіне Ұлы Отан соғысы кезіндегі солдат каскасы, әскери киім салатын дорба, кружка экспонаттары қойылып толықтырылды. Көрмені №16, 35 орта мектептің бастауыш сынып оқушылары мен ардагерлер және ҚазИГЗУ-інің әскери кафедра студенттері тамашалады.