Сұрапыл соғыс жаңғырығы: ән кеші
29 сәуір күні 9 мамыр Ұлы Жеңіс күніне орай, Абай кітапханасының қабырғасында құрылған «Кілт» авторлық ән клубы, «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігі және Республикалық «Лад» қоғамдық қорының Семей бөлімшесімен бірлесіп ұйымдастырған «Сұрапыл соғыс жаңғырығы» атты ән кеші өтті. Концертте Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әндермен қатар, заманауи соғыс туралы әндер, махаббат пен бейбітшілік туралы әндер орындалды. Сол әндердің ішінде барша жұртқа танымал: «Землянка», «На безымяной высоте», «Темная ночь», «Катюша» әндері қазақ және орыс тілдерінде орындалып кеш қонақтарының құлақтарының құрышын қандырды. Қаншама жылдар өтсе де, соғыс тақырыбы өзекті тақырыптардың бірі болып табылғандықтан, соғыс жайлы әндер барлық ұлттар үшін әрдайым ерекше ықыласпен тыңдайтын әндері екені сөзсіз. Кеште жаңадан шыққан соғыс туралы ағылшын тіліндегі және өмірдің мәні мен махаббат жайлы авторлық әндер шырқалып, Хиросимодағы атом бомбасынан зардап шеккен жапон қызының қайғылы тағдыры туралы ән көрермендердің көзіне жас ұялатты.