Жақсылық Төленов жайында: тікелей эфир
2020 жылдың 20 мамырында ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының инстаграм парақшасының тікелей эфирінде техника ғылымдарының кандидаты, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Сүйіндіков Мерхат Мәдениұлымен онлайн сұхбат өткізді.
Сұхбаттың негізгі тақырыбы биылғы жылы «Абай әлемі» сериясынмен жарыққа шығатын Жақсылық Төленовтың өмір-шығармашылығы жайында болды.
Өз кезегінде сөз алған Мерхат Мәдениұлы өзінің Жақсылық Төленовке қандай туыстық қатысы бар екенін айтты. «Біздің аталарымыз ағайынды адамдар еді. Яғни «Төленнің төртеу» дейтін үлкен атамыз Төленнен тарайтын төрт ұл болған – Жақсылық, Сүйіндік, Игілік және кенжесі Жармағанбет. Осындағы Сүйіндік менің атам. «Төленнің төрт қасқыры» деген дабыра атаумен Ертіс бойындағы қалың елге әр алуан өнеріне қоса дара мінез-құлқымен де әйгілі болған ағайындылар, осы төртеудің үлкені – біз өмір жолы мен ақындық өнерін даралап сөз еткелі отырған Жақсылық атамыз өз заманында алғыр, тік мінезді, шыншыл, бойында сан түрлі өнер ұштасқан тапқыр адам болған екен» деп әңгімесінің басын бір қайырды.
Желідегі байланыс барысында Мерхат Мәдениұлы Жақсылық Төленов жайлы көптеген мағмұлмат берді. Жақсылық атасының өзіне Әсетті ұстаз тұтқанын, 1904 жылдары Сол Өр Найман атанған дүлділ серінің жанында ел аралағанын, тіпті Әсеттің әкесін іздеп Қытаймен іргелес жатқан Бақты өңіріне барғанында баян етті.
Тек қана сал-серілік құрмай егіншілік, малшылықпен де айналысқанын, Батыс Сібірдің «Анжер қазындылары» атанған жер қойнауында қазба жұмыстарға да қатысқанын, кейін «Жұмсат» деген етікшілер тобын құрғанын тілге тиек етті.
Байланыс соңында Жақсылық Төленовтың қайраткерлік тұлғасы жайында бірер ауыз сөз қозғады. Оның Губревкомға мүше болғанын, сонда Әлімхан Ермековпен бірге ел мүддесін қорғап талай қызмет атқарғанын, «Етікші жандарал» атанғанын мақтанышпен айтты.
Жүздесудің соңында барша қатысушыларға алғысын білдіріп, жас ұрпақтың қамы үшін тіл мәртебесін көтеру керектігін, тарихымызбен тіліміз бір бүтін ұғым екенін айтып сөзін аяқтады.