Ұлт рухы – ерлік пен мұра: кітап көрмесі
Абай кітапханасының мамандары Ж.Үшкемпіров атындағы спорт академиясында болған Қазақстан Республикасының чемпионатына кітапхана атынан «Ұлт рухы – ерлік пен мұра» тақырыбында көрме жасақтады. Аталмыш чемпионатта Ұлттық ұлан жауынгерлері қазақ күресінен бақ сынасты. Бұл арнайы сайысты «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ұйымдастырды.
Чемпионат барысында Абай кітапханасы арнайы кітап көрмесін ұйымдастырып, сарбаздарды қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихындағы ерлікке толы оқиғалармен таныстырды. Көрмеде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай оның шығармалары, қара сөздері мен өлеңдері ұсынылды. Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Бауыржан Момышұлының әскери мемуарлары, Қасым Қайсеновтің партизандық ерліктері туралы шығармалары мен Әзілхан Нұршайықовтың жауынгерлік өмірді сипаттайтын туындылары қойылды.Сонымен қатар, көрмеде Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақ жауынгерлері мен әскери қолбасшылардың өмір жолдары насихатталды. Ауған соғысының батыры, «Қара майор» лақап атымен танылған Борис Керімбаевтың ерлік істері, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, ұшқыш Талғат Бигелдиновтың әуе шайқастарындағы жетістіктері, Берлинге ту тіккен қаһарман Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі туралы деректер ұсынылды.
Бұл көрме жауынгерлердің рухани байлығын арттырып, олардың тарихи санасын қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Әдебиет пен тарихты ұштастыра отырып, сарбаздар қазақ халқының батырлық дәстүрін, ұлттық құндылықтарын тереңірек түсініп, өздеріне үлгі алды.