Әлем таныған Абай: ақпараттық сағат
1 тамыз күні Абай кітапханасының қызметкерлері ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында Семей қаласында орналасқан №5511 әскери бөлімінінің сарбаздары үшін «Әлем таныған Абай» тақырыбында ақпараттық сағат өткізді.
Шарада Абайдың келбетін аша түсетін жан-жақты ақпараттар айтылып, шығармашылығы, ғұмырнамасы жайында презентация ұсынылды.
Кітапхана мамандары кітапхананың алтын қорынан орын алған Абай жауһарларынан арнайы кітап көрмесін жасақтап, қатысушы сарбаздар назарына ұсынды. Көрмеде алғашқы рет орыс тіліне аударған В.Рожденственскийдің, Абайды қытай тіліне аударған профессор Ха Хуанчжанның, Еуропа тілдеріне алғаш аударған чех жазушысы Ф.Сукуптың еңбектері көрсетіліп, Абай шығармаларының ағылшын, неміс, қытай, түрік, якут, өзбек тілдеріне аударылған еңбектері де орын тепті.
Шара соңында Абай шығармашылығынан өлеңдер оқылып, қара сөздері туралы ойлар ортаға салынды.





