Есімі еліне мәшһүр қаламгер: кітап көрмесі
8 қаңтар күні Абай кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, көрнекті жазушы Медеу Сапаұлы Сәрсекенің туғанына 90 жыл толуына орай «Есімі еліне мәшһүр қаламгер» атты арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме барысында қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолына кеңінен шолу жасалып, оның әдебиет пен ғылымға қосқан үлесі айрықша атап өтілді. Экспозицияға жазушының әр жылдары жарық көрген еңбектері қойылды. Атап айтсақ: «Ғажайып сәуле» (1959), «Көрінбестің көлеңкесі» (1960), «Жетінші толқын» (1964), «От және атом» (1965), сондай-ақ «Дара дарын», «Сексен бестің төрінен», «Семей қасіреті», «Қуғындалған Сәтбаев», 2025 жылы «Абай жолы» сериясымен жарық көрген шығармалар жинағы, мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалары мен естеліктері, Е. А. Бөкетов пен Е. Б. Бекмаханов туралы деректі ғұмырнамалық туындылары «Біртуар Бөкетов» және «Ноқталанған тарихшы» кітаптары. Бұған қоса, қаламгердің 2006 жылы жарық көрген алты томдық басылымы және 2014–2015 жылдары екінші рет басылып шыққан сегіз томдық жинағы да көрмеден орын алды. Шараға колледж кітапханашылары мен Әлихан Бөкейхан университетінің студенттері қатысып, жазушының бай мұрасымен танысты. Бұл мәдени іс-шара Медеу Сапаұлы Сәрсекенің есімін ұлықтап қана қоймай, жас ұрпаққа оның қалдырған мол әдеби мұрасын дәріптеуге және рухани құндылықтарды бағалауға ықпал етті.







