Кемел ойлы, кемеңгер ғалым – Қайым Мұхамедханов: еске алу кеші
Абай кітапханасында кемел ойдың кеніші, ғалым Қайым Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл толуына орай еске алу кеші өтті. Қаламыздың зиялы қауымының басын біріктірген салиқалы шарада шәкірттері ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор А.С.Еспенбетов, мәдениеттанушы, өнертанушы, ақын Қ.Ж.Нұрқасым мерейгердің қазақ ғылымын дамытудағы еңбегін, қуғын көрген өмір соқпағы, айдаудағы азап мойыта алмаған қайсарлығын жиналған қауымға әсерлі жеткізді.
Аталмыш кеште алаштанушы, ғалымның шәкірті Құсмилия Жырғалыұлы ұстазы Қ.Мұхаметханұлына арнаған арнау өлеңін оқып, ұлтқа қалтқысыз аянбай еңбек еткен, Абайды өз биігінде қазаққа танытқан оқытушысы туралы естеліктерімен бөлісіп, ақын А.Манабаевтың сөзіне жазылған Т.Базарбаевтың «Жан Аға» әнін орындады.
Шәкәрім Жоғары колледжі оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистры С.Тусупбаева «Қайым өлеңдерін 1930-1940 жж. латын графикасынан аудару тәжірибемде» баяндамасын оқып, шара қонақтарынан «Абай Құнанбаев» қоғамдық қорының президенті О.Кәрібжанов, отставкадағы подполковник, әдеби өлкетанушы Ш.Қалиакбаров сынды тұлғалар естеліктерін ортаға салды.
Шараға қатысушылар Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі – Бақытжан Шоқанұлының орындауында халық әні «Бұлбұлымды» тамашалап, арнайы әзірленген слайд көрсетілімі мен бейнебаяннан Қ.Мұхамедхановтың өз сөзін және көз көрген замандасы Г.Бельгер мен ғалым Т.Жұртбайдың пікірін тыңдады.
Еске алу кешіне арнайы әзірленген «Қазақтың қайсар ғалымы» кең көлемді кітап көрмесінің «Екпінді», «Иртыш», «Семей правдасы», «Семей таңы», «Ертіс өңірі», «Дидар», «Қазақ әдебиеті» беттерінде жария көрген мақалалары мен кітаптары, 2025 жылы кітапханамыздың «Абай жолы» кітапханасы топтамасымен шыққан Қайым Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» (1, 2-кітап) «Абай мұрагерлері» (3-кітап) шығармалары шараны көркейтіп, мол, сан қырлы ғалым мұрасымен таныстырды. Жиналған қауым ғалымның «Бақыт дегенің – еркіндікте өмір сүру, адал болу» – деген өмірлік басты ұстанымын танып, мол мұрасымен қауышты.









