Абайдың дана ойлары: онлайн-конференция
2015 жылдың 2 сәуірінде Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана мен Н.Байғанин атындағы Ақтөбе облыстық балалар кітапханасы арасында балалар кітабының халықаралық күніне орай ұлы Абайдың туғанына 170 жыл толуына арналған «Абайдың дана ойлары» атты онлайн-конференция өтті.
Н.Байғанин атындағы Ақтөбе облыстық балалар кітапханасының сұранысымен өткізілген екі облыстың кітапханашылары іс-тәжірибелерімен бөлісті. Қазақтың кемеңгер ақыны Абайдың ой-өрісін кеңейтіп, дүниеге көзқарасын өзгерткен ғылым-білім университеті болған Семейдің қоғамдық кітапханасының, қазіргі таңдағы Абай атындағы әмбебап кітапханасының ақын өміріне қатысты бай тарихы туралы ақтөбелік оқырмандар мазмұнды ақпараттармен танысуға мүмкіндік алды.
Абайдың рухани орталығында кітапхананың тарихымен, Абай оқыған әдебиеттер әлемімен, Абай заманындағы қоғамдық кітапхананың рухани қазына қорымен таныстырылды. Кітапханада жинақталған Абай мұралары туралы электрондық ресурстар: «Біздің Абай», «Абай-170», «Шыңғыстаудың үш шыңы» жайында мазмұнды шолу ұсынылды. Қаламызда ақын өлеңдерін жатқа айтатын дарынды жастар көптеп саналады, солардың ішінде №48 мектептің 4-сынып оқушысы Жанбота Дәлелованың Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы мен ақын есімімен аталатын кітапхана жайында жазылып алынған «Менің мақтанышым– менің өлкем» бейнежазбасы үлкен әсер қалдырды. Жылда өтетін Абай оқуларына қатысып жүрген әр мектептің өнерлі оқушылары Абай өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтып ақынға деген құрметін көрсетті.
Өткен жылы Ақтөбе облысының Қобда аудандық кітапханасымен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова туралы онлайн-кездесу өткен болатын. Биыл міне, хакім ақынға арналған виртуалды кездесу екі жақтың тыңдаушыларының елжандық сезімін оятып, бұдан кейін де танымдық тақырыптарда жалғасын табатын болады деген оймен аяқтай келе, Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңімен қорытындылады.