Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл іс ел үшін!: «Менің Қазақстаным» арнайы пойызы аясында өткен дөңгелек үстел
2015 жылдың 16 сәуірінде Семейдегі Абай атындағы облыстық кітапханада «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл іс ел үшін!» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үтелге қала және өңір кітапханашылары, «Менің Қазақстаным» атты арнайы пойызбен ел аралап келе жатқан қонақтар қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасы директорының бірінші орынбасары Исаханова Ғалия Бөкейқызы, осы кітапхананың бөлім мамандары Мектепова Айнагүл, Құсайынова Гүлмира болды. Дөңгелек үстел жұмысы кезінде Ғалия Бөкейқызы республика көлемінде жүріп жатқан «Мәңгілік Ел» идеясы және кітапхана, «Бір ел-бір кітап» акциясы туралы ойларын ортаға салды.
Осыдан кейін кітапханашылар қазақ және орыс топтарына бөлініп, академиялық кітапхана мамандарының басшылығымен тәжірибелік семинар-тренингтер өткізді. Онда кітапхананың бүгінгі көкейтесті мәселелері сөз болып, пікір алмасулар, тәжірибе таратулар өткізілді. Атап айтқанда «ҚРҰАҚ-ты пайдалану мүмкіндіктері», «ҚРҰАҚ порталындағы Қазақстан Халық Ассамблеясының электронды дипозитарийі» төңірегінде талқылаулар болды. Бұл семинар-тренингке қаламыздағы жоғарғы оқу орындары мен колледждердің, мектептердің 132 кіапханашысы қатысты. Бұл семинар-тренингтің көркін «Тұғырымыз- тұрақтылық, тірегіміз – тыныштық, тілегіміз- татулық!» атты 427 кітап қойылған көрме аша түсті. Көрмені 218 кітапханашы көріп, тамашалады.
Сонымен қатар, біздің кітапханаға «Менің Қазақстаным» пойызы шеңберінде «Теңдесіз сыйлық» акциясы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының арнайы әкелген кітаптары табысталды. ҚР Парламентінің депутаттары мен БАҚ өкілдері кітапханамызға саяхат жасап, заманында Абай оқыған сирек басылымдармен танысты.
Түстен кейін қонақтар Бөрлідегі Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейіне саяхат жасап, жазушының басына тәу етіп қайтты.