Отан. Бейбітшілік. Отбасы: мәңгілік құндылықтар: әдеби – музыкалық кеш
Еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 5-мамыр күні Абай атындағы кітапханада Отан қорғаушылар, Жеңіс күніне, Халықаралық отбасы күніне арналып, «Отан. Бейбітшілік. Отбасы: мәңгілік құндылықтар» атты әдеби – музыкалық кеш өткізілді.
Іс – шараға ҰОС қатысқан ардагерлердің ұрпақтары, көлік, «Жастар» колледждерінің студенттері, «Кілт» авторлық әндерді орындаушылар клубының мүшелері, кітапхана пайдаланушылары қатыс ты. Шараның мақсаты: өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие бере отырып, Отанын сүюге, оны қорғауға, отбасын құрметтеуге баулу.
Аталған мерекелердің терең мәні бар. Яғни, кез келген қоғамның негізі ретіндегі отбасы – өте ұлы құндылық. Әр отбасында патриотизм, Отан қорғау сияқты ұғымдарды дұрыс насихаттау арқылы тыныштығымыз бен бейбітшілігімізді сақтаймыз.
Іс-шара бір минут үнсіздікпен басталып, шараға қатысушылар Отан үшін от кешкен батырларды, майданнан оралмаған қайсар жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Кеш барысында марқұм болған Асайнов Шаған, Мухамедиев Оқай, Бұланбаев Фатих, Бошанов Құмар, Рахимов Николай т.б. ҰОС ардагерлерінің ұрпақтары қатысып, әкелері туралы естеліктерін айтты. «Кілт» авторлық әндерді орындаушылар тарпынан Отан, жеңіс, бақыт туралы әндер шырқалды. Кеш соңында барлық қатысушылар «Бейбіт күн тілегі» әнін шырқады.Шараға арнайы «Ұлы Отан соғысы газет – журналдар беттерінде» атты кітап қорындағы 1941-1945ж.ж. шыққан мерзімді басылымдардан көрме ұйымдастырылып, осы жылдары жарияланған соғыс жайындағы мақалалар, майдандағы тың деректер мен жеңіс таңын тудырған ержүрек қазақстандық батырлардың ерліктері жайындағы ақпараттарға шолу жасалды.