Дулат Бабатайұлы – ақындық сөздің шебері: кітап көрмесі
8 шілде күні Абай атындағы кітапханада «Дулат Бабатайұлы – ақындық сөздің шебері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Биыл «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында ғұмыр кешкен көрнекті ақын Дулат Бабатайұлының шығармашылығына арналып отыр.
Ол – ХІХ ғасырдың басында қазақ поэзиясына жаңа қалып, мазмұн әкелген жаңашыл әрі өткір тілді ақын. Дулат Бабатайұлы – 1802 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы, Сандықтас өңірінде туып, 1871 жылы дүние салған. Жасында ауыл молдасынан оқып, арабша хат таниды. Кейбір өлеңдері Қазан қаласынан 1880 жылы алғаш рет “Өсиетнама” деген атпен жеке кітап болып жарық көрген.
Көрмеге Дулат Бабатайұлының туындылары жарық көрген кітаптар мен ғылыми-зерттеу мақалалары мен ақын шығармашылығын зерттеген зерттеушілердің еңбектері, мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалар қойылған. Айта кететін болсақ Қ.Өмірәлиев, Х.Сүйіншәлиев, С.Негимов, Ж. Дәдебаевтың еңбектері мен мерзімді басылымдарда жарық көрген: Э. Мырза-Ғалидің «Дулаттану хақында бірер сөз.», Ж.Дәдебаевтің «Үңілсең көзің жетер ме, теңізден терең сыры бар…:Абайға дейінгі ақындар», Т.Қожакеевтің « Дулат сықақшыл жырау», Қ.Раевтің « Зар заманның жампозы», М.Құл-Мұхаммедтің «Тұнық жырдың тұмасы».
Іс-шарамыздың мақсаты – ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген кемел ақын Дулат Бабатайұлының шығармаларының өміршеңдігін, маңыздылығын, келер жас ұрпаққа түсіндіру. Сонымен қатар, оның толғаулары арқылы шынайылыққа, шыншылдыққа ұлттық және патриоттық сезімге баулу.