Конституция – қоғамдағы әділеттілік негізі: хабарлама сағаты
Конституция күніне орай 26 тамызда Абай атындағы кітапхана қызметкерлері Семей қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлеріне және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты № 54770 әскери бөлімінің сарбаздарына хабарлама сағатын өткізді.
Шараның мақсаты – Ата Заңымызды құрметтеуді, қастерлеуді насихаттау, отаншылдық сезімдерін ояту және ежелгі қазақ даласында пайдаланылған әдет–ғұрып заңдарының тарихымен таныстыру.
Алаштанушы , кітапхана қызметкері Құсмілия Жырғалұлы Нұрқасым қазақ тарихындағы «Қасым ханның қасқа жолы, «Есімханның ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысы» атты заң үлгілері болғаны жайында, қазіргі Ата Заңымыз осылардың заңды жалғасы екендігін, бұл заңдар қай ғасырда, қай жылдары қолданылғаны жөнінде терең тарихи мағлұматтар беріп өтті.
Қазіргі қолданыстағы Ата Заңымыздың шығу тарихын, әр жылдары енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы және заңдағы баптар мен бөлімдерге жеке-жеке сипаттама беріліп өтті. Сонымен қатар «Конституция: кеше және бүгін» атты слайд көрсетіліп, «Тәуелсіз елдің Конституциясы» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, тыңдаушылардың назарына ұсынылды. Дәріс тыңдаушылары Ата Заңымызға байланысты кітапхана қорындағы кітаптар, фотоальбомдар және мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалалармен танысты. Ішкі істер басқармасының қызметкерлері және әскери бөлім сарбаздары кітапхана қызметкерлеріне өз алғыстарын білдіре отырып, осындай шаралардың патриоттық тәрбие берудегі маңызы зор екендігін айтып өтті.