Елі үшін еңіреген ұлы тұлға: виртуалды көрме
14 қыркүйек күні Абай атындағы кітапханада «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында, «Елі үшін еңіреген ұлы тұлға» атты виртуалды көрменің тұсаукесер рәсімі өтті.
«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясын ұйымдастыру комитетінің шешімімен жыл кітабы ретінде, яғни 2016 жылы бүкіл ел болып оқуға зар–заман ақындарының арасындағы жарық жұлдыз – Дулат Бабатайұлының «Өсиетнама» кітабы жыл бойы оқылатын болды. Дулат Бабатайұлы ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Туындыларының басты тақырыбы – отаршылдық әрекеттерге рухани қарсылық көрсетіп, батырлықты, елдікті, адамгершілікті дәріптеу.
Тоғыз бөлімнен тұратын виртуалды көрмеде Дулат Бабатайұлының өміріне, шығармашылығына байланысты кітапхана қорындағы ақынның шығармалары мен мерзімді басылымдар беттеріндегі мәліметтер ұсынылды.
«Өмірбаян» бөлімінде ақынның өмір жолы қысқаша мазмұнда берілді. «Жыл кітабы» бөлімі ақынның «Өсиетнама» кітабын оқырман қауымға ұсынады. «Ақын келбеті» бөлімінде Дулат ақын туралы әр жылдарда мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалар топтастырылған. Ал «Жырын тыңда Дулаттың» бөлім пайдаланушыларға ақын шығармаларынан нәр алуға шақырады. «Сын зерттеулер» бөлімінде «Екімыңжылдық дала жыры», «Ай, заман-ай, заман-ай», «Алмас қылыш» т.б. жинақтарға кірген ақынның өлең-жырлары мен әдебиеттанушылардың Дулат ақын туралы зерттеулері кірген кітаптар топтастырылған. «Библиография», «Сілтемелер» бөлімдерінде кітапхана қорындағы Д.Бабатайұлының шығармалары мен ақын туралы барлық басылымдардың тізімі, аудиокітаптар, шығармашылығына байланысты ғаламтордағы материалдарға сілтеме берілген. Пайдаланушы «Цитата» бөлімінен жазушылардың ақын туралы жазған қанатты сөздерімен танысса, ал «Өсиетсөздер» бөлімінде ақыл-ой, дін, иман, жақсы мен жаман, бірлік, ағайын-туыс жайында айтылған ақынның нақыл сөздерімен таныса алады.
Шара барысында кеш қонақтары, белгілі өнертанушы ақын Нұрқасым Құсымілия Жырғалұлы ақынның өмір мен заманы жайында баяндап, «Абайға мұң» жырын тарту етсе, Шәкәрім атындағы университеттің оқытушысы Абикенов Мұхит Төкенұлы ақынның «Өсиетнама» жинағына енген замана жайындағы толғаулары, оның маңыздылығы мен құндылығы жайында қатысушыларға толығырақ әңгімелеп берді. Шакәрім атындағы университеттің филология факультетінің 2 курс студенті Қасымбекова Айгерім ақынның «Қайғылыны уаттым» жырынан үзінді оқыса, «Жас ақындар» клубының мүшелері, Авиценна колледжінің 2 курс студенттері Орынбай Нұрхат пен Бақырбаев Қуаныш ақынға жүректерінен шыққан өз жырларын арнады. Танымал дәстүрлі әнші Жасұлан Тәжиевтің орындауындағы әндер тартымды әсер берді.
Виртуалды көрменің тұсаукесер рәсіміне қатысқан Шәкәрім атындағы университеттің филология факультеті мен Семей көпсалалы колледжінің кітапхана ісі мамандығы бөлімінің студенттеріне «Дулат Бабатайұлы мұрасы» тақырыбында жасақталған кітап көрмесіне шолу жасалып, буклеттер таратылды.