Әлем. ХХІ ғасыр. Оқу арқылы рухани үндестік пен мәдениетке: Халықаралық Кітапханашылар конгресі
Абай атындағы кітапхана қызметкерлері 2016 жылғы 15-16 қыркүйегінде Астана қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған «Әлем. ХХІ ғасыр. Оқу арқылы рухани үндестік пен мәдениетке» тақырыбында өткен Халықаралық Кітапханашылар конгресіне қатысып қайтты. Конгресс қатысушыларын кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Ғасырлармен үндескен асыл қазына» және Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған «Ядролық қарусыз бейбітшілік әлемге» тақырыбындағы кең көлемді кітап көрмелері қарсы алды. «Семей ғасырлар тоғысында», «Абай тұлғасы сирек басылымдарда», Өлке тарихы және Семей географиялық бөлімшесі» сынды бірнеше бөлімдерден тұратын ретро-көрме қатысушыларды кітапхана қорындағы заманында Абай оқыған құнды қазынамен таныстырды.
Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған «Ядролық қарусыз бейбітшілік әлемге» тақырыбындағы экспозицияланған кітап көрмесіне М.Сәрсекенің 80 жылдығы қарсаңында жарыққа шыққан «Семей қасіреті», «Трагедия Семипалатинска», К.Бозтаевтың «29 август», «Семей полигоны», К.Калелұлының «Правда о полигоне» және т.б кітаптары қойылып, әдебиеттерге шолу жасалды. Бизнес колледждің оқытушысы,ағаш шебері, Қ.А.Аймұхаметовтың полигон қасіретін көрген жан иелерінің ағаштан жасалған «Қылтамақ», «Шіркін ұшар едім», «Мен көрген қасірет», «Жарымжан кесіртке» тақырыбындағы экспозициялық бейнелері кітап көрмесінің тақырыбын аша түсті.
Семейдің Абай атындағы кітапханасының қорын конгресс қонақтарына таныстыру мақсатында жасақталған кең көлемді кітап көрмелері қатысушылар үшін маңызды да, мазмұнды ақпараттарға толы болды.