Мақтанышым- тәуелсіз Қазақстан: онлайн-кездесу
Ерке Ертістің бойындағы Кереку мен Семей қаласындағы халқымыздың біртуар ақындарының есімімен аталатын қос облыстық кітапхана өз өлкелерінің жас ақындарына Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында тамаша тарту жасады. Абай атындағы кітапхананың «Поэзия бұлағы» жас ақындар клубы мүшелері мен С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы жанынан құрылған «Өркен» жас ақындар клубының мүшелері «Мақтанышым – тәуелсіз Қазақстан» тақырыбындағы онлайн-кездесуде бас қосты. Ұлы Алаштың астанасы – Семей ақындары мен Керекудің ақындары бір-біріне жалынды сәлемдерін жолдай отырып, тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен құттықтады.
Кітапханамыздың атынан шараны ақын, өнертанушы Қ.Нұрқасым «Тәуесіздік толғауымен» ашып, ақын Олжас Соғымбай семейлік жас ақындармен, ақын Оралхан Айбек керекулік жас ақындармен таныстырды.
«Поэзия бұлағы» жас ақындардың жыр жауһарларына ынта-жігер беру үшін Семейден аға буын С.Молдабеков, Ж.Торайғыров, Б.Игілік, айтыскер ақын Қ.Аубакирова, С.Қуанған сынды ақындар қатысса, Павлодарлық «Өркен» жас ақындарын тақымын қағуға А.Қани, А.Алақанұлы сынды белгілі ақындар келді.
Жас ақындар Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнаған жыр-шумақтарын ортаға салып, шабыттарына шабыт қосты. Өлеңге қалам тартып жүрген жас ақындар онлайн-кездесу арқылы екі жақтың да аға буын ақындарымен еркін әңгіме-дүкен құрып, талантты ақындардың туындыларын тыңдады. Жас ақындарға суырып салмалықты дәріптеу үшін екі жақтың арқалы ақындары айтыс өнерінен үзінді айтысты. Ақындар шара соңында осы кездесуден алған әсерлері мен көңіл күйлерінің тамаша екендігін ортаға сала отырып, келешекте екі кітапхананың ақын оқырмандарының тығыз шығармашылық байланыста жұмыс жасайтындықтарын айтып тарасты.