Алаш арыстарының асыл мұралары: кең көлемді кітап көрмесі
2016 жылдың 6 желтоқсан күні сағат 11:00-де Абай атындағы кітапханада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 жұлдызды күн» шеңберінде «Алаш арыстарының асыл мұралары» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінің мақсаты: оқырмандарға Еліміздің Тәуелсіздігі үшін күресіп, туған елінің әлемдегі өзге де мемлекеттермен терезесі тең ел қатарында өмір сүріп, дербес ұлттық мемлекет ретінде шаңырағын көтеруді мақсат тұтқан және сол жолға ғұмырларын қиған ұлт зиялылары –алаш арыстарының асыл мұраларымен жас ұрпақты жақын таныстыру. Аталмыш шараға Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің студенттері қатысты. Ұлтының жарқын болашағы үшін күресте қуғын-сүргін құрбаны болған жоғары білімді, білікті, қазақтың маңдайына біткен марқасқа ұлдарының көзі тірісінде жарық көрген сирек кітаптар көрмеден көрініс тапты. Кітап көрмесін «Алаш маршы», «Алаш гимні», «Алаш ұраны» толықтырды. Көрмедегі Ж.Тілеулиннің «Жұқпалы науқастар», «Гигиена», Міржақып Дулатовтың аудармасында жазылған «Кәсіпшілер одағының қызметі», Х.Досмұхамедұлының «Адамның тән тірлігі», «Как бороться с чумой среди киргизского народа» кітаптары мен Әлімхан Ермековтың «Ұлы математика курсы», сонымен қатар биолог-ғалым Жұмақан Күдериннің «Өсімдіктануы» оқырмандар назарын өзіне тартқан құнды жәдігерлер қатарында болды. Болашақ «Мәңгілік Ел» тарихында аттары алтын әріппен жазылар, өмірлері ұлағатты өнеге боларлық ұлт зиялыларының есімі мәңгі ұрпақтар есінде сақталары сөзсіз.