Жалынды жылдар жаңғырығы: соғыс және тыл ардагерімен кездесу
4 мамыр күні Абай атындағы кітапханасында Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері Әбдіғали Қаймолдин қонақта болып, жас оқырмандармен кездесті. Шараның мақсаты: жеңістің 72 жылдығын ұлықтау, соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсету. Шараға электротехникалық колледждің студенттері мен кітапхана пайдаланушылары қатысты.
Ел басына күн туған сол қаһарлы күндерде қолына қару алып Отан қорғауға аттанған миллиондаған азаматтардан қатарында мектепті бітірер-бітірместен соғысқа аттанған осы кездесу кешінің қонағы өрімдей жас – Әбдіғали Қаймолдин сынды біздің көптеген жерлестеріміз жеңісті жақындатты. Етігімен қан кешкен жауынгерлер бүкіл Еуропаны басып өтіп, Брест қамалынан Берлинге дейін жетті. Солардың қатарында Әбдіғали Қаймолдиндей ардагеріміз де болды. Жас ұрпаққа өнегелі өмірінен бір үзік сыр бөліскен қазына-қариямыз қаламыздағы Ә.Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Бақытжан Түктібаевтың, кітапхана қызметкері, «Ключ» авторлық әндер клубының мүшесі Марат Байжановтың орындауында бірнеше әндерді тыңдап, арнайы әзірленген дастарханнан дәм татты. Елімізді жеңіске жеткізген бүкіл халықтың бірлігі, ынтымағы екенін жастарға үлгі етіп, ары таза, ұлт мақтанышы болар азамат болыңдар! деп батасын берді. Шараға «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа ұран!» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырып, шолу жасалынды.